Арқалық қаласының аумағында білім беру қызметін көрсететін оқу орындарының бірі – «Арқалық медициналық колледж» Мемлекеттік Коммуналдық Қазыналық Кәсіпорны болып табылады.

Айта кету керек, бұған дейін медициналық колледж Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрінің 11.12.1972 жылғы № 639 бұйрығы негізінде ашылған «Арқалық медициналық училищесі» деп аталған болатын. Кейіннен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 14.08.1996 жылғы № 282 бұйрығымен Арқалық медициналық училищесі медициналық колледж болып қайта құрылды.

Арқалық медициналық колледжі қызмет еткен жылдары «Емдеу ісі», «Акушерлік іс», «Мейірбике ісі», «Ортопедиялық стоматология» мамандықтары бойынша 8 мыңнан астам орта медициналық қызметкерлерді дайындады. 1982 жылдан 1987 жылға дейін кешкі медбике бөлімі, 1988 жылдан 1992 жылға дейін – тіс техникалық бөлімі жұмыс істеді. 1990 жылы қазақ тілінде оқытылатын алғашқы топтар ашылды. Қазіргі уақытта «Фельдшер» біліктілігімен «Емдеу ісі» және «Жалпы тәжірибедегі медбике» біліктілігімен «Мейіргер ісі» мамандықтары бойынша мамандар даярлау жүзеге асырылуда.

Медициналық колледж білімалушыларын заманауи тәжірибені қолдануға даярлау, оқу орнының қабырғасында да, медициналық ұйымдардың базасында да ұйымдастырылатын және жүзеге асырылатын оқу өндірістік тәжірибені қамтитын оқытуды көздейді. Біз өндірістік тәжірибені болашақ медицина қызметкерлерінің өзін-өзі кәсіби құзыреттілігін дамыту қызметі ретінде қарастырамыз.

Қазіргі уақытта «Арқалық медициналық колледжі» МКҚК тәжірибелік сабақтарды сапалы өткізу үшін барлық қажетті заманауи жабдықтарға ие. Мәселен, тәжірибелік дағдыларды үйрету үшін жүрек-өкпе реанимациясы дағдыларын дамытуға арналған манекендер, бұлшықет ішіне енгізуге арналған бөкселердің фантомдары, назогастральды тамақтану және трахеостомияға күтім жасау үшін манекендер, әртүрлі инъекциялар, жеке гигиена, катетеризация, ойық жарасына күтім жасау үшін адам тренажері бар; Геймлих қабылдау фантомы, оқу дефибрилляторы, ұзақ құюға арналған штативтер, Крамер шиналары, негатоскоптар, сынықтар кезінде алғашқы көмек көрсету дағдыларын пысықтауға арналған манекен-симулятор, акушерлік, гинекологиялық дағдыларды пысықтауға арналған босанатын әйелдердің манекен-симуляторы және тағы да басқалар.

2019 жылдан бастап білім беру процесіне Денсаулық сақтау ұйымдарында клиникалық тәжірибе енгізілді, ол тәжірибелік денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес мамандарды даярлауға бағытталған. Клиникалық тәжірибе міндеттері теориялық оқыту процесінде алынған білімді жүйелеу, тәжірибелік біліктілік пен дағдыларды пысықтау, кәсіби құзыреттерді қалыптастыру болып табылады. Білім алушылар клиникалық тәжірибені өткізу шартына сәйкес, оқу үрдісі медициналық ұйымдарда өтеді.

Оқу бағдарламасын орындау үшін, сондай-ақ білім алушылардың дағдылық біліктіліктерінің сапасын арттыру мақсатында өндірістік оқыту Арқалық қаласының медициналық ұйымдарының клиникалық базаларында жүргізіледі. Қостанай облысы бойынша 18 медициналық ұйым кәсіптік тәжірибені өткізу үшін өндірістік база болып табылады. Оқу уақытының барлық кезеңінде осы ұйымдармен тығыз кері байланыс сақталады. Оқу тәжірибесі және өндірістік оқыту Арқалық өңірлік ауруханасының, Арқалық өңірлік емханасының, Қостанай облыстық жедел шұғыл медициналық көмек станциясының Арқалық қосалқы станциясының базасында, ал кәсіптік практика – облыстық, аудандық және қалалық медициналық ұйымдардың базасында жүргізіледі. Білім алушылардың кәсіптік тәжірибесін ұйымдастыру және өткізу колледж оқытушылары қатарынан әдістемелік жетекшілермен және МҰ-дан бекітілген мамандармен бірлесіп жүргізіледі. Тәжірибеден өтудің жұмыс оқу бағдарламалары мен күнтізбелік кестелері базалық МҰ әкімшілігімен және тәжірибеге жауапты жалпы, тікелей басшыларымен алдын ала келісіледі.

Жыл сайын колледж түлектерін облыс және қаланың мүдделі медициналық ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп бөлу жүргізіледі. Бөлу МҰ мамандарына қажеттілікті ескере отырып жүргізіледі. Түлектерді бөлу аймағы кең. Арқалық медициналық колледжін бітірген түлектер тек облыс және республика өңірлерінде ғана емес, жақын және алыс шетелдерде де табысты жұмыс істейді. Көптеген түлектер оқуын жалғастыра отырып, жоғары медициналық білім алды. Бүгінгі таңда олар денсаулық сақтау саласында қызметін одан әрі жалғастыруда.

Біздің мақсатымыз – педагогикалық ұжымды интерактивті тәсіл арқылы және оқу процесін ұйымдастыру арқылы мамандарды даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз етуге, оқытудың инновациялық технологиясының нысандары мен әдістерін жетілдіруге, білім тереңдігін, оқушылардың білім сапасын бақылауға, оқытушылардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағыттау.

Біз колледждің жетістігіне сенеміз және қол жеткізілген нәтижелерді мақтан тұтуға мүмкіндігіміз бар. Біз колледж имиджінің тұрақты өсуіне ұмтыламыз және еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру бойынша жұмыс жасаймыз!